ТМККК

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 672 қаулысы.

  1. "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2020 жылғы 7 шілдедегі Қазақстан Республикасының Кодексі 196-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
  2. Қоса беріліп отырған тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесі бекітілсін.
  3. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
  4. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері осы қаулыдан туындайтын қажетті шараларды қабылдасын.
  5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2020 жылғы 1 тамыздан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі

А. Мамин

Бекітілген
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2020 жылғы 16 қазандағы № 672 қаулысымен

Пациенттердің міндеттері:

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне мыналар кіреді:

1. Уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жедел медициналық көмек.

2. Медициналық авиацияны тартумен жедел медициналық көмек, мынадай жағдайларда көрсетіледі:

  • пациенттің орналасқан жері бойынша медициналық ұйымда медициналық бұйымдардың және (немесе) тиісті біліктілігі бар мамандардың болмауына байланысты медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған кезде;
  • медициналық көмек көрсетудің екінші және үшінші деңгейлеріндегі мамандарды межелі жерге жеткізу қажет болған кезде;
  • науқасты пациенттің орналасқан жері бойынша медициналық көмек көрсету мүмкін болмаған және тиімсіз болған кезде медициналық көмек көрсетудің екінші және үшінші деңгейдегі медициналық ұйымдарына тасымалдау үшін;
  • тиісті медициналық ұйымға кейіннен транспланттау үшін ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөліктерін) тасымалдау үшін.

3. Медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі – МСАК), оның ішінде:

  • ең көп таралған ауруларды диагностикалау, емдеу және басқару;
  • халықтың нысаналы топтарын (балаларды, ересектерді) профилактикалық тексеру;
  • аурудың мінез-құлық қауіп факторларын ерте анықтау және мониторинг жүргізу және анықталған қауіп факторларын азайту дағдыларын үйрету;
  • иммундау;
  • салауатты өмір салтын қалыптастыру және насихаттау;
  • репродуктивті денсаулықты сақтау жөніндегі іс-шаралар;
  • жүкті әйелдерді бақылау және босанған әйелдерді босанғаннан кейінгі кезеңде бақылау;
  • жұқпалы аурулар ошақтарындағы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық іс-шаралар.

4. Уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен амбулаториялық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек:

  • АИТВ-инфекциясы мен туберкулездің алдын алу және диагностикасы;
  • жарақаттар, уланулар немесе басқа да шұғыл жағдайлар кезіндегі қызметтер, оның ішінде елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкелетін аурулар кезінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесінде қызметтерді тұтынушы болып табылмайтын адамдар үшін оларға күдік туындаған жағдайларда мобильді бригада қызметтері;
  • уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде диагностика және емдеу;
  • уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша және тәртіппен динамикалық байқауға жататын созылмалы аурулар кезінде диагностика және емдеу.

5. Уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек:

  • уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша әлеуметтік маңызы бар аурулар кезінде емдеу;
  • елдегі эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына әкелетін аурулар кезінде және МӘМС жүйесінде қызметтерді тұтынушы болып табылмайтын адамдар үшін оларға күдік туындаған жағдайларда үйдегі стационар қызметтері;
  • уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша және тәртіппен динамикалық байқауға жататын созылмалы аурулар кезінде емдеу.

6. Стационарлық жағдайларда көрсетілетін мамандандырылған медициналық көмек:

  • айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік аурумен ауыратын науқаспен байланыста болған адамдарды, сондай-ақ уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша бактерия тасығыштарды, вирус тасығыштарды және айналасындағыларға қауіп төндіретін инфекциялық немесе паразиттік ауруға күдікті адамдарды оқшаулау кезінде;
  • уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша инфекциялық, паразиттік ауруларды және айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруларды емдеу кезінде;
  • МӘМС жүйесінде қызметтерді тұтынушы болып табылмайтын адамдар үшін шұғыл нысанда, оның ішінде уәкілетті орган айқындайтын тізбе бойынша тәулік бойы стационардың қабылдау бөлімшесінде емдеу-диагностикалық іс-шараларды жүргізу;
  • уәкілетті орган бекіткен аурулар тізбесі бойынша жоспарлы нысанда.

7. Медициналық оңалту:

  • негізгі ауруды емдеуде;
  • туберкулезбен ауыратын науқастар.

8. Уәкілетті орган айқындайтын аурулар тізбесі бойынша паллиативтік медициналық көмек.

9. Уәкілетті орган айқындайтын қанның, оның компоненттерінің және қан препараттарының номенклатурасына сәйкес стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде медициналық көрсетілімдер болған кезде қан препараттарымен және оның компоненттерімен қамтамасыз ету.

10. Амбулаториялық, стационарды алмастыратын және стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсету кезінде патологиялық-анатомиялық диагностика.

11. Өлгеннен кейін донорды ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөліктерін) алуға дайындау; ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) және (немесе) тіндерді (тіндердің бөліктерін) алу, консервациялау, дайындау, сақтау, тасымалдау.

12. Уәкілетті орган айқындайтын аурулар тізбесі бойынша Қазақстан Республикасының азаматтарын шетелге емдеуге жіберу және (немесе) отандық медициналық ұйымдарда емдеу жүргізу үшін шетелдік мамандарды тарту.

13. Дәрілік заттармен, медициналық бұйымдармен, мамандандырылған емдік өнімдермен, иммунобиологиялық дәрілік препараттармен қамтамасыз ету:

  • денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес стационарлық және стационарды алмастыратын жағдайларда жедел жәрдем, сондай-ақ мамандандырылған көмек, оның ішінде жоғары технологиялық медициналық қызметтер;
  • профилактикалық егулер жүргізілетін аурулардың тізбесіне сәйкес МСАК;
  • белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен қамтамасыз етуге арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың уәкілетті орган бекітетін тізбесіне сәйкес амбулаториялық жағдайларда МСАК және мамандандырылған медициналық көмек.

Қосымша
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2020 жылғы 16 қазандағы № 672 қаулысына

Қазақстан Республикасы Үкіметінің күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

1. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2009 ж., № 59, 529-құжат).

2. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 15 желтоқсандағы № 1363 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 5, 66-құжат).

3. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 27 қаңтардағы № 29 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2014 ж., № 3, 23-құжат).

4. "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысына өзгеріс енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 420 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2019 ж., № 21, 198-құжат).

5. "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды пилоттық режимде байқаудан өткізудің кейбір мәселелері және "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы № 2136 қаулысына толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 3 қыркүйектегі № 655 қаулысы (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2019 ж., № 36-37, 336-құжат).

© 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ШЖҚ "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" РМК