28–29 тамыз күндері Uniserv Medical Center-де «Несеп-тас ауруын хирургиялық емдеудің заманауи аз инвазивті әдістері: PCNL және RIRS» атты шеберлік сабағы өтті. Іс-шара эндоурологиялық хирургияның заманауи мүмкіндіктерін көрсетуге және мамандар арасында тәжірибе алмасуға арналды.
Шеберлік сабағына шақырылған сарапшылар — Искаков Ербол Амангелдіұлы, PhD докторы, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың урология бөлімшесінің меңгерушісі және Ахметқалиев Дамир Әділжанұлы, Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың бірінші санатты уролог дәрігері (Астана қаласы), сондай-ақ Ақтөбе, Атырау және Орал қалаларынан келген уролог дәрігерлер қатысты.
LIVE SURGERY форматында шақырылған сарапшылар Uniserv Medical Center урологтарымен бірлесіп, PCNL және RIRS әдістерін қолдана отырып алты операция жасады. Аймақтан келген мамандар операциялардың орындалу техникасымен, емдеу әдісін таңдау қағидаларымен және клиникалық жағдайларды талдаумен нақты уақыт режимінде танысты.
PCNL және RIRS әдістері несеп-тас ауруын емдеуде қолданылады. PCNL негізінен бүйректегі ірі, бірнеше және күрделі тастарды алуға арналған болса, RIRS арнайы икемді құралдың көмегімен бүйрек пен несепағардағы тастарды тіліксіз алып тастауға мүмкіндік береді.
Шеберлік сабағында KARL STORZ компаниясының заманауи эндоурологиялық жабдықтарына ерекше назар аударылды. Медициналық орталықтың заманауи материалдық-техникалық базасы мен мамандардың даярлығы өңірде жаңа емдеу технологияларын енгізуге мүмкіндік береді.
Uniserv Medical Center-дің уролог, андролог дәрігері Пономаренко Владислав Евгеньевич:
«Бұл шеберлік сабағы біз үшін несеп-тас ауруын емдеудің заманауи аз инвазивті әдістерін енгізер алдындағы маңызды тәжірибелік кезең болды. Алдағы уақытта PCNL және RIRS әдістерін Uniserv Medical Center-де қолдануды жоспарлап отырмыз. Бұл Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына заманауи мамандандырылған медициналық көмекті басқа қалаларға немесе шетелге бармай-ақ, өз өңірімізде алуға мүмкіндік береді», - деді.
Технология енгізілгеннен кейін мұндай операцияларды ақылы негізде де, МӘМС жүйесі аясында да жүргізу жоспарланып отыр.
Шеберлік сабағы Uniserv компаниялар тобының төрағасы Нұрғазы Сатбаевтың қолдауымен ұйымдастырылды.
Uniserv Medical Center жоғары технологиялық медициналық көмекті дамытуды, медициналық жабдықтарды жаңартуды және емдеудің заманауи әдістерін енгізуді жалғастырып, Батыс Қазақстан облысы тұрғындары үшін мамандандырылған көмектің қолжетімділігін кеңейтуде.
