«Uniserv Medical Center» медициналық орталығы халықаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне қадам басуда. Медициналық көмекті дамыту, тәжірибе алмасу және озық технологияларды енгізу аясында Католикалық Квандонг университеті жанындағы Корея Республикасының Инчхон қаласындағы Әулие Мария халықаралық ауруханасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
8 жылдық қызметінде Uniserv Medical Center жоғары технологиялық жабдықтармен қамтамасыз етілген және білікті мамандарды біріктірген заманауи медициналық орталық ретінде өзін таныта білді. Бүгінде медициналық орталық құрамында 11 бөлімше жұмыс істейді. Олардың қатарында офтальмология, реконструктивті гинекология, пластикалық хирургия, аралас бейінді бөлім, сондай-ақ жансақтау бөлімшесімен жабдықталған төрт операциялық блок бар. Пациенттер үшін бір жерде медициналық қызметтердің кең ауқымы қолжетімді.
«Uniserv Medical Center» ЖШС бас директоры Тимур Әжғалиев:
«Католикалық Квандонг университеті жанындағы Әулие Мария халықаралық ауруханасы басшылығының ұсынысымен бүгін біз ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып отырмыз. Олардың біздің медициналық орталықты таңдауы кездейсоқ емес — клиника өкілдері инфрақұрылымымызбен, материалдық-техникалық жабдықталуымызбен және пациенттерге жасалған жағдайлармен танысып, медициналық орталықтың деңгейіне жоғары баға берді. Біз үшін мамандарымыздың шетелдік жетекші әріптестердің тәжірибесін меңгеруі, бірлескен ғылыми зерттеулер мен білім беру жобаларына қатысуы маңызды. Бұл өзара ынтымақтастық өңіріміздегі денсаулық сақтау саласының дамуына қосымша серпін береді деп есептеймін», - деді.
Католикалық Квандонг университеті жанындағы Әулие Мария халықаралық ауруханасының президенті Го Донг Хён де өз пікірін білдірді:
«Біз алғаш рет Uniserv Medical Center-ге өткен жылдың соңында келдік және бірден ынтымақтастық орнатуды ұсындық, себебі клиниканың зор әлеуеті мен медициналық көмекті ұйымдастыру деңгейінің жоғары екенін байқадық. Халықаралық деңгейдегі жабдықталу, заманауи технологиялар және пациенттерге арналған жайлы жағдайлар бұл клиниканың әлемдік деңгейдегі медициналық ұйымға айналу мүмкіндігін көрсетеді».
Қол қойылған меморандум екі медициналық мекеме арасындағы білім беру, ғылыми, гуманитарлық және ақпараттық байланыстарды дамытуға, сондай-ақ медицина саласындағы, оның ішінде телемедицина бағытындағы үздік халықаралық тәжірибелерді енгізуге бағытталған.