Орал қаласында даму ерекшеліктері мен қосымша диагноздары бар балаларға аденоидты алып тастау бойынша тегін операциялар жасалған қайырымдылық жоба жүзеге асырылды. Хирургиялық емдеуге жұмсалған барлық шығын «Ақжайық» жеке қоры есебінен жүргізілді.
Дамуында ерекшеліктер бар балалар ЛОР-ауруларына байланысты хирургиялық емдеуді жиі қажет етеді. Алайда қосымша диагноздардың болуына байланысты мұндай операцияларды жүргізу ерекше тәсілді, кәсіби біліктілікті және заманауи медициналық жабдықтарды талап етеді.
Осындай балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың жағдайымен күн сайын бетпе-бет келетін оториноларинголог дәрігер Асхат Надырғалиев осы қайырымдылық жобасының бастамашысы болды. Жобаның серіктесі ретінде осы бастамаға Uniserv Medical Center медициналық орталығының құрылтайшысы Нұрғазы Сәтбаев қолдау көрсетті. «Ақжайық» жеке қоры мен Uniserv Medical Center медициналық орталығының бірлесуінің нәтижесінде өңірде алғаш рет осындай күрделі хирургиялық оталарды қауіпсіз жүргізуге мүмкіндік жасалды.
Жобаның жүзеге асуына операциялық бөлімшенің барлық мамандарының үйлесімді жұмысы негіз болды. Әсіресе ерекше тәсілді қажет ететін пациенттерге қауіпсіз анестезиологиялық сүйемелдеуді қамтамасыз еткен анестезиолог-реаниматолог дәрігер Тимур Назаровтың жоғары кәсіби біліктілігін ерекше атап өткен жөн.
Бүгінде алғашқы төрт кішкентай пациенттің операциялары сәтті өтті. Бұл олардың отбасылары үшін тек медициналық көмек қана емес, балалардың өмір сапасын едәуір жақсартуға берілген мүмкіндік болды. Мұрынмен тыныс алудың қалпына келуі балалардың тыныш ұйықтауына, еркін тыныс алуына, созылмалы қабыну ауруларының қаупін азайтуға және олардың әрі қарайғы дамуына қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
«Немереміздің дәрігерлердің, Uniserv Medical Center ұжымының және «Ақжайық» жеке қорының қолдауының нәтижесінде осындай қажетті көмек алғанына шын жүректен қуаныштымыз. Балаларымыздың сауығып, денсаулығын жақсартуға мүмкіндік жасап, олардың отбасыларына үміт пен ертеңгі күнге деген сенім сыйлағандарыңыз үшін алғысымызды білдіреміз», – деді кішкентай пациенттердің бірінің әжесі Айгүл Туркина.
Жобаны ұйымдастырушылар бұл бастаманы алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр. Бұл даму ерекшеліктері бар тағы да көптеген баланың жоғары білікті медициналық көмекті дер кезінде алуына мүмкіндік бермек.
